oC

"Балаларды жақсы көретін ата-аналар клубы" жоспарын іске асыру аясында бөбекжайдың барлық топтарында аналар мен әжелердің қатысуымен іс-шаралар өткізілді.

Ересек «Қарлығаш» тобында «Әжелер мектебі» жобасы аясында жоспарланған шебер-сынып өткізілді. Іс-шараға Азиманың әжесі мен Арнұрдың әжесі арнайы шақырылып, балалармен бірге мазмұнды әрі тәрбиелік мәні зор жұмыс жүргізді.

Шебер-сынып барысында әжелер балаларды қазақ халқының ұлттық зергерлік әшекей бұйымдарымен таныстырды. Олар сырға, алқа, сақина, білезік сияқты әшекей түрлерін көрсетіп, олардың атауы, жасалу ерекшелігі және ұлттық мәдениеттегі маңызы туралы түсіндіріп өтті. Балалар ұлттық бұйымдардың әсемдігіне қызығушылық танытып, сұрақтар қойып, белсенділік көрсетті.

Таныстыру кезеңінен кейін әжелер білезік бұйымына ерекше тоқталып, оның қазақ қыз-келіншектерінің сәндік әшекейі ғана емес, тәрбиелік және эстетикалық мәні бар бұйым екенін айтып өтті. Білезіктің жасалу жолын кезең-кезеңімен көрсетіп, жұмыс барысында ұқыптылық пен әсемдікке мән беру керектігін түсіндірді.

Одан кейін балалар фольга бетіне ұлттық ою-өрнектерді орналастырып, әсем білезік жасауға кірісті. Алдымен ою түрлері қайтадан еске түсіріліп, олардың мағынасы түсіндірілді. Кейін балалар фольга бетіне ұлттық ою-өрнектерді ұқыптылықпен жапсырып, әсем білезік жасады.

Әжелер балаларға бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетіп отырды.

Сонымен қатар, балалар ұлттық құндылықтарға деген қызығушылықтарын арттырып, өз қолдарымен жасаған бұйымдарына қуанып, ерекше әсер алды. Бұл шебер-сынып ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, ұлттық өнерді дәріптеуге және балалардың бойында ұлттық рух пен құрмет сезімін қалыптастыруға зор ықпал етті.